ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жылдың үздік спортшыларына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жылдың өңір спортшылары мен олардың жаттықтырушылары үшін жемісті аяқталуымен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, алдағы жылы да жаңа табыстарға қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.

Жиында мәлім етілгеніндей, батысқазақстандық спортшылар биыл ел намысын абыроймен қорғап, көптеген табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, олар әлем чемпионаттарынан 1 алтын, 5 күміс, 5 қола жүлдемен оралса, халықаралық турнирлерде 12 алтын, 14 күміс, 33 қола медальді жеңіп алды. Әлем кубогы кезеңдерінде 3 алтын, 4 күміс, 3 қола, Азия біріншіліктерінде 4 алтын, 4 күміс, 8 қола жүлдеге  ие болды. Сондай-ақ ел чемпионаттарында 158 алтын, 159 күміс, 199 қола медальді қанжығаларына байлады.

Елбасының қалың бұқараны спортпен айналысуға тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында 136633 адам қатысқан 2665 іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде 7 ҚР чемпионаты, 8 республикалық, 4 халықаралық турнир, үш спорт түрінен ҚР ІV жастар спорттық ойындары өткізілді.

Қазірдің өзінде 2018 жылы Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы олимпиада ойындарына қос бірдей батысқазақстандық спортшы жолдама алып отыр. Олардың қатары әлі де толығады деген үміт бар.

Сонымен спортшыларды баптаудағы еңбегі үшін самбо күресінен БҚО және ҚР құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиев, байдарка мен каноэ есуден БҚО және ҚР құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Акунишников, шахматтан халықаралық дәрежедегі төреші Валерий Мин, қол күресінен және гір спортынан облыс құрамасының аға бапкері Мұрат Ибатов, ұлттық ат спорты түрлерінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Ақтілек Сәрсенов облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Алтын тұғыр» жүлдесі аударыспақтан еліміз бойынша биылғы жылдың үздік спортшысы Нармағанбет Иманғазыұлына табыс етілді.  Қол күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасында әлем біріншілігінің жеңімпазы Кенжеқыз Қаупенова «Жыл серпілісі» аталымы бойынша үздік шықты.

Әскери самбодан биылғы V Азия ойындарының күміс және әлем чемпионатының қола жүлдегері Темірлан Ихсанғалиев, әскери самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Болатбек Райымқұлов және самбодан жастар арасында Азия және әлем біріншіліктерінің қола жүлдегері Армат Қабдоловты дайындағаны үшін, өкінішке қарай, таяуда кенеттен дүниеден озған Қазбек Ибрашев «Жыл жаттықтырушысы» болып танылды. 

ҚР V параспартакиадасының күміс жүлдегері Сандуғаш Баймұқанова «Паралимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы», тоғызқұмалақтан ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сайлан Матылов «Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы», әскери самбодан ерлер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Болатбек Райымқұлов «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымына ие болды. Сондай-ақ қазір шетелде жаттығып жүрген шорт-тректен ХХVІІІ қысқы дүниежүзілік универсиаданың және VІІ қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Анита Нагай «Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшы», байдарка мен каноэ есуден ҚР ІV жастар спорттық ойындары мен ересектер арасыында Азия чемпионы Андрей Ергучев «Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» атанды.

«Үздік спорттық аудан» аталымымен биыл «Ақ бидай» облыстық VІ ауыл спорты ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Зеленов ауданы әкімдігі марапатталса, «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалы «Үздік бұқаралық ақпарат құралы» атанды.

Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.